Абыройдан айырылу: Қазақстандағы виктимблеймиң және ұлтшылдық

Aizada Arystanbek
6 min readAug 10, 2022

--

Иллюстрация — Динара Сәтбаева.

Соңғы жылдары “нағыз қазақ қызы” қандай болу керек екені туралы контент көлемі айтарлықтай көбейді. Әйелдің жүріс-тұрысын көпшілік алдында сынайтын ұятмен-дердің пайда болуы, қазақ қыздары алымсақтық пен зорлықтан аман қалуы үшін сыпайы киініп жүру керек екені туралы “Жезөкше” қысқа метражды фильмнің көпке тарауы, қыз тәрбиесі жайындағы дәрістер және Қарақат Әбденнің “Сен қазақ қызысың. Мақтан тұт!” кітабының жарық көруі атап өткен жағдайдың көзге түсер мысалдары.

Бұл үрдіске деген қызығушылығым 2019 оянды да, Қазақстандағы гендерлік ұлтшылдық туралы этнографиялық зерттеу жұмысын бастауға итермеледі. Өзім қазақ әйелі бола тұра, қоғамның әйелдерге жүктеген дәмесі мен жыныстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдерге айып тағудың (виктимблеймиң) қазақтың ұлттық сана сезіміне қалай және неге байлынысты екенін түсіндіруге ұмтыламын.

Ұлтшылдық пен дәстүршілдік

Ұлтшылдық көбіне қоғамның барлық мүшелеріне бірдей әсер ететін феномен деп тұжырымдалады. Дегенмен, феминист зерттеушілердің көбі ұлтшылдық болмысы гендерленген, яғни әйелдерге ұлт мәдениетінің айнасы болу мен репродукциясы тым көп жүктелген деп ұйғарады. Қазіргі заманғы патриархал мәдениеттегі ұлтшылдықтың маңызын ескере отырып, әйел еркіндігі желілік ұғым деп бағамдайтын дәстүршілдік концептіне тиянақсыздық қосамыз. Дәстүршілдік нарративіне сай, әйел құқығы қоғалысы кертартпа қоғамнан эгалитар әрі озық қоғамға қарай желілік бағыт алған қозғалыс. Дәстүршілдікке басты назар салған болсақ, қазіргі заманғы мизогиния машығын әйел еркіндігіне жол бергісі келмейтін өткен күннің жаңғырығы деп көрінеді. Бұл көзқарас қоғамымыздың тұғыры болып тұрған талай дәстүрлердің жақсы тұстарын жоққа шығарып қана қоймай, қазіргі заманға жетіп, дәстүрлі емес, демократиялық жолмен басқарылатын қоғамдардың өзінде мизогиния неге бар екенін түсіндіре алмайды. Оған қоса, дәстүрдің өзі мизогинияның басты себебі болса, мизогиниялық қылық танытатын еркектер тек әйел мәселесіне келгенде емес, сірә, басқа кезде де салт-дәстүрге жақын болар еді. Гендерге негізделген зорлық-зомбылыққа айыпты еркектерге қарасақ, олар міндетті түрде “дәстүршіл” болып, дәстүрлі өмір салтын ұстанбайды.

Дәстүр ұлтшылдықдықтың арқасында маңызға ие болады. Патриархал қоғамда белгілі бір дәстүр ерекше маңызға ие болып кету себебі мен қоғам мүшелеріне әйел немесе еркек болғанына байланысты дәстүрдің әртүрлі болуын түсінуге көмектесетін — ұлтшылдық. Ол мемлекеттік саясаттан мизогинистік дәстүрлер алшақтатылған болып көрінсе де, мизогиния неге ешқайда кетпейтінін айқындайды. Қауымдастықтарда ұлттық сана сезім “Бөтен” идеясының төңірегінде пайда болған. Бөтен дегініміз қоғамның аман қалуы мен көркеюіне ашық немесе құпия қатер төндіріп тұрған үшінші жақ. Бөтен — “Үшінші әлем елдерінен” келген иммигранттар, соғыс босқындары, жергілікті азшылықтар — бізді жойып жібереді деген қоқыныш патриархал қоғамдарды биологиялық репродукция мен мәдениетті таратуды әйелге жүктеуге итермелейді. Яғни, әйел тәні оның өзіне ғана тиесілі болмай, ұлт мүддесін сылтауратып, қоғам қолындағы қаруға айналады.

Ерекше пайдалы деп тапқан бір концепт — гегемондық феминділік; ол дегеніміз ел көңілінен шығатын әйелдің хақ бейнесін көрсететін мінез-құлық стандарттары жинағы; қоғамның әрбір әйелінің гендерлік бейнесі сол бойынша сыналады. Гегемондық феминділік бүкіл әйелді маскулинділікке бағынышты сатыда орналасқан біртекті сана ретінде қарастырып, дәстүрлі, моногамды, гетеронормативті отбасы мүддесі үшін әйелдің жүріс-тұрысы гетеронормативті болуын талап етеді. Гегемондық феминділік ұлтшылдықпен байланысты, өйткені ол ұлттың жойылып кетпеуі және дәстүр мен бірегейлікті қамтамасыз ететін құрал болып саналды. Ұлттық мәдениеттің айнасына айналдырылған әйел затына метафорикалық абырой берілген, ақыр соңында адами болмысына сай әрекет еткені үшін немесе жыныстық зорлыққа душар болып, виктимблеймиң кесірінен сол абыройдан айырылады.

Зерттеу жұмысымда қарапайым қарым-қатынас — атап айтқанда, әлеуметтік желідегі пікірлер — гегемондық феминділік стандарттарын қалай баянды қылатынын және виктимблеймиң мен жыныстық зорлыққа душар болған әйелдерді стигматизациялау қалай қалыпты жағдайға айналдыратынын бақылау үшін сандық этнографияны қолдандым.

Менің басты жаңалығым — қазақстандық интернеттің сандық кеңістігі шын өмірдегі патриархал серпінді баяндайды. Қазақ әйелін өз отандастарынан жыныстық зомбылық көрген күннің өзінде гегемондық феминділік көрсетіп, ұлт намсының айнасы болуға мәжбүрлейді. Салт-дәстүр мен мәдени ғұрыптар әртүрлі жағдайларда қазақ әйеліне жүктеліп келеді, оның үстіне, гегемондық феминділік стандарттарына сай келмейді деп саналған әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық барған сайын қалыпты жағдайға айналып барады.

Иллюстрация — Динара Сәтбаева.

Қазақ үшін Бөтен деген кім?

Инстаграм және Фейсбукте жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық болғаны туралы жарияланған жазбалар мен пікірлерге анализ жасау барысында байқағаным, әйелдің жүріс-тұрысын әлеуметтік желі қолданушылары — ерлер де, әйелдер де бірдей — мұқият талдайды. Ол қолданушылар әйел қаншалықты әдепті екенін және өзінің жеке түсінігіндегі нағыз қазақ әйелінің мінез-құлқына қаншалықты сай екенін талқылайды. Әлеуметтік желіде пікір қалдырушылар барлық әлеуметтік мәнмәтінге сай тұрақты виктимлеймиңмен қоса, әйел инабаттылығы мен сексуалдығына қатысты “қазақилық” идеясын көтереді. Жыныстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйел ішімдік ішу, қыдыру, ер адаммен кездесу сияқты “әдепсіз” қылық көрсеткен болса, зорлық жағдайлары туралы жазбалардың астындағы пікірлер жәбірленушінің ар-ұятын сынға салып, оған жаны ашымайды. Осындай әдепсіз мінез-құлық жағдайлары қазақ әйелінің рухани құлдырап жатқаны туралы пікірталаспен қатар жүреді. Әйелдің жеке іс-әрекеті бүкіл ұлттың рухани байлығына баға беру мақсатында қолданылады. Керісінше, жұмысқа бара жатқан немесе мектепте жүрген сияқты азырақ “күмән тудыратын” жағдайда зорланған әйелдер туралы жазбалардың астында мораль туралы алаңдайтындар өте аз. Жыныстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйел гегемондық феминділік стандарттарына сай болмады деп айып таға алмайтын жағдайларда виктимблеймиң мен ұлт қамы тақырыптары азырақ талқыланады.

Жыныстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелге айып тағудың ұлтшылдық пен ұлт намысы идеясына байланысты екенінің тағы бір көрсеткішін әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың түп-тамырын онлайн талқылау барысында кінә тұрақты түрде “Бөтенге” тағылатынынан байқадым. Мысалы, 2019 жылы NUR.kz саайты 2018 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық 100%-дан астамға көбейгені және, UN Women хабарлауынша, жыл сайын 400 қазақстандық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болатыны туралы қысқа видео жариялады. Инстаграмда 153000 көрсетілім мен 397 пікір жинаған видео мәдени және діни ғұрыптар зорлықтың орнығуына апарады дегенді атап өтті. Статистканы халықаралық ұйым бергенін байқаған желі қолданушылары деректердің растығы мен Қазақстанға сай екеніне күмән білдірді. Қолданушылар қазақ мәдениеті мен “батыс” мәдениетін қарсы қойып, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық мәселесін шешудің жалғыз жолы қазақ мәдениетінің бірегейлігін және гетеронорматив феминділік сияқты “дұрыс” мінез-құлқын сақтап қалу деген пікір білдірген. Кейбір пікір қалдырушыларға сенетін болсақ, әйелдердің эмансипациясы мен ерлердің ерлігінен айырылуы да елдегі кең тараған жыныстық зорлық-зомбылықтың себебі. Бұл нарратив феминист қозғалысы мен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуді елдегі отбасы институтын сақтап қалуға қарсы қояды. Яғни, қазақ әйелі ұлт репордукциясы мен мәдени шекараларды сақтаудың жалғыз жолы болып есептелетін гегемондық феминділікті бұзғаны әйелге қарсы зорлық-зомбылықтың табиғи салдары ретінде көрсетілген.

Иллюстрация — Динара Сәтбаева.

Мәдениетсіз болмыс

Мен бақылаған ең қызық трендтердің бірі қазақ ұлттық сана сезімі ішіндегі келіспеушілік. Басқа қоғамдарда сияқты, дәстүршілдер жаңа заманды кінәласа, модернистер дәстүрді кінәлайды. Дәстүршілдік пен заманауилықты қарсы қоятын ішкі келіспеушілік жаһандық имеприалық және капиталистік жүйенің арқасында барлық елдерге енген. Сөйтіп, азырақ жаһанданған және белгілі дәстүрлі — міндетті түрде мизогиндік емес — ғұрыптарға жақын “Үшінші әлем елдері” “мәдениетсіз” болып қабылданады. Мәдениетсіз мінез-құлық идеясы отаршыл сана салдарынан тамыр жайған. Мысалы, Қазақстанда мәдениетті болу идеясы орысша сөйлеу, орыс мектебіне бару, қазақ тілінен басқа тілде ақпарат алу сияқты отаршыл ерекшеліктермен байланысты. Біреулер қоғамды жаулап алды деп, батысты кінәласа, енді біреуі Қазақстанның кейбір аймақтарын және жергілікті “жабайы” әдет-ғұрыпты мизогиния таратады деп, айып тағады. Мысалы, кейбір пікір қалдырғандар бірнеше аймақтарды (нақтырақ айтса, елдің оңтүстігі мен батысын) шұқып көрсету үшін және олардың әйелге қарсы зорлық-зомбылықты қалыпты жағдайға айналдырудағы ролін талқылау барысында мамбет және мамбетизм сөздерін қолданған. Мамбет сөзінің отаршылдық астары зор: қалалық және орсытанған мәдениеттен алшақ болғандарды мәдениеті төмен және қатыгез мінез-құлыққа жақын келеді деп көрсетеді. Ослайша, мизогиндік ұлтшыл мінез-құлыққа тіреу болған Бөтен идеясы әрдайым сырт жақтан келе бермейді. Заманауилыққа деген желілік көзқарас және ішкі келіспеушіліктер отаршылдық пен дін сияқты түрлі мәнмәтінге негізделген мәдениетсіз ғұрыптардан ішкі Бөтенді құрастырды.

Зерттеу жұмысым қазақ ұлтшылдығы мен оның әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен байланынсына үңілуге көмектесті. Ұлттық мәдениет қазақ әйелін гендерге негізделген зорлық-зомбылыққа душар болып жатса да, гегемондық феминділіктің қазақи стандарттарын ұстану керек тұрақсыз позицияға қояды. Бірнеше платформада түрлі қолданушылар қалдырған онлайн пікірлерге қарасақ, қазақ әйелінің тәні мен мінез-құлқы әрдайым сыналатынына көз жеткіземіз, себебі ары мен қорғаныс құқығын сақтап қалу үшін әйел гегемондық феминділік стандарттарына сай жүріп-тұру керек деп күтіледі. Зорланып, тұрмыстық жәбір көріп жатса да, әйелдер гегемондық феминділік стандарттарын ұстануға тиіс, оған онлайн қолданушылар тарататын зорлану туралы кең тараған мифтер және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болғандар туралы сексистік стереотиптермен қоса ұлттық мәдениет пен “қазақилық” идеялары дәлел. Ұлтшылдық туралы сыни ойлау мен оның гендерленген нормаларын карастыру виктимблеймиңді әлеуметтік феномен ретінде түсінуге жол ашып, ол өзідігінен пайда болмай, феминділік пен ар-намыс туралы жергілікті наныммен тығыз байланысты екенін түсінуге көмектеседі.

Қазақстанда отарсыздану қозғалысы жанданып, ал ең үлкен көршісі Ресей тағы бір бұрынғы Кеңес елі Украинаға қарсы соғысып жатқан заманда дәстүрлер мен қоғамды ұйымдастырудың мизогинистік салдары болуы шарт емес деп атап өткен маңызды. Империяшыл санаға, мәдениеттілік пен заманауилық туралы ішкі иедяларға қарсы тұру және төл әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді бағалай білу отарсызданудың маңызды бөліктері. Дегенмен, зерттеу жұмысым көрсеткендей, қай билік иелері қандай дәстүрлер мен сенімдерді дәріптеп жатқанына және олар коғам мүшелерін қалай шектеп, қауіпсіздігіне төніп тұрғанына мұқият болу керек.

Қазақ тіліне аударған Сәния Oшақбаева.

Ағылшын тіліндегі түпнұсқа мақаласы (Voices on Central Asia).

Орысша аудармасы (Central Asian Analytical Network).

--

--

Aizada Arystanbek

Айзада — қазақстандық интерсекционал феминист, белсенді және гендерлік зорлық-зомбылық, гендер мен мәдениет, ұлтшылдық деген тақырыптарда маманданған ғалым.